Meta компаниясында компания атынан контентті реттеу саласындағы мәселелерге жетекшілік ету үшін уәкілетті өкіл тағайындалды.
Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Meta өңірлік директоры Джордж Ченмен онлайн-келіссөздер жүргізді, деп хабарлады министрліктің сайты. Америкалық компания Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріне және WhatsApp мессенджеріне иелік етеді.
«Іс-шарада онлайн-платформалардың қызметіне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында қабылданған өзгерістер аясында ынтымақтастықты одан әрі дамыту, кибербуллингке қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен шаралар қабылдау, жалған және алаяқтық контентті таратуды шектеу мәселелері талқыланды», — деп хабарлайды министрлік.
Әңгіме баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша мамырда бекітілген заңнамалық түзетулер туралы болды. Компания өкілі Қазақстанмен контентті реттеу саласындағы өзара іс-қимылды оң бағалады.
Ол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен онлайн-қауіпсіздік және реттеудің өзге де мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау үшін «Meta» компаниясының уәкілетті өкілі болуға дайын екенін растады.
«Джордж Чен «Meta» компаниясының машиналық оқыту технологияларын пайдалану арқылы және тәуелсіз факт-чекерлерді тарту арқылы Интернет желісінде жалған ақпарат пен құқыққа қарсы контент таратумен күрес бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді», — деп толықтырды министрлік.
Шара соңында министр А.Омаров жасанды интеллект және виртуалды шындық саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісу үшін «Meta» компаниясын жыл сайынғы «Astana Media Week» халықаралық конференциясына қатысуға шақырды. Чен мырза өз кезегінде министр А.Омаровты АҚШ-тың Кремний алқабындағы «Meta» компаниясының штаб-пәтеріне шақырды.