Мемлекеттік кірістер комитеті: ҚҚС қайтару тәртібі жеңілдеді

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті өзі өндіретін өнімдерді экспорттайтын кәсіпорындар үшін қосылған құн салығын қайтару тәртібі жеңілдетілгенін хабарлады.

Ведомствода салық төлеушілер қандай талаптарды орындаған жағдайда ҚҚС сомасын қайтару салықтық тексеру жүргізбестен жүзеге асырылатынын түсіндірді.

«ҚҚС қайтаруды әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында тұрақты негізде ҚҚС қайтару рәсімін оңайлату бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 434-бабына өз өндірісінің өнімдерін экспорттайтын кәсіпорындар үшін қосылған құн салығының асып кету сомасының 50% мөлшерінде оңайлатылған тәртібінде қайтаруды көздейтін түзету енгізілді» — деп хабарлады комитетте.

Жоғарыда көрсетілген түзетулер 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген. Аталған жеңілдік тауарларын өзі өндіретін кәсіпорын болып табылатын салық төлеушілерге, егер бір мезгілде мынадай шарттар орындалса:

  • қосылған құн салығын төлеуші нөлдік ставка бойынша салық салынатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тұрақты өткізуді жүзеге асырса;
  • тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тұрақты өткізу жүзеге асырылған салық кезеңі үшін нөлдік ставка бойынша салық салынатын өткізу бойынша айналым өткізу бойынша жалпы салық салынатын айналымның кемінде 70% құраса қолданылады.

Бұл ретте тауарларын өзі өндіретін кәсіпорындардың тізбесін сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган, яғни Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі бекітеді.

Салық кодексінің 434-бабы 3-тармағына сәйкес ҚҚС-ты оңайлатылған тәртіппен қайтару ҚҚС бойынша декларацияны табыс ету үшін соңғы күн өткеннен кейінгі 15 жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

Сонымен қатар, ҚҚС бойынша декларация тоқсан сайын есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-і күнінен кешіктірілмей табыс етіледі.

«Бұл норма тексеру санын қысқартуға мүмкіндік береді. Себебі, талаптар орындалған жағдайда, салықтық тексеру жүргізбестен ҚҚС сомасы қайтарылады», — деп толықтырды Мемлекеттік кірістер комитетінде.

Добавить комментарий