Көлік құралдары салығын төлеуге берілген мерзім аяқталуға жақын. Өсімпұлдар мен айыппұлдарды болдырмау үшін осы жылдың 1 сәуіріне дейін салықты төлеп үлгеру қажет.
Мемлекеттік кірістер комитеті Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру департаментінің директоры Азамат Садықов қазақстандықтарды көлік салығын уақытылы төлеуге шақырды. Ол 2020 жылға салық төлеу мерзімі 2021 жылдың 1 сәуірінде аяқталатынын еске салды.
«Көлік құралдарына салынатын салық салық кезеңінің соңына дейін меншік құқығы сатып алынған айдың 1 күнінен бастап, яғни ағымдағы жылдың соңына дейін не меншік құқығы берілген айдың 1 күніне дейін нақты иелену кезеңі үшін есептеледі. Бұл ретте, салық кезеңі ішінде көлік құралын сатқан жағдайда, нақты иелену кезеңі үшін төлеуге жататын сома көлік құралын тіркеу есебінен шығарғанға дейін бюджетке енгізілуге тиіс», — деп хабарлады Азамат Садықов.
«E-salyq Azamat» мобильдік қосымшасының «Алдағы төлемдер» қызметі арқылы салықтың сомасын білуге және оны төлеуге болады. Ұялы телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында (ХҚКО) ЖСН бойынша тіркелген болуы қажет.
«Азаматтарға алдағы салық сомасын оны төлеу мерзімі басталғанға дейін білуге және дайын реквизиттер бойынша бір мезгілде төлем жүргізу мүмкіндігі берілген. Алдағы төлемдерді МКК порталынан басқа, egov.kz порталында, Kaspi. kz, Homebank банктердің мобильді қосымшаларында көруге болады», — деп түсіндірді Азамат Садықов.
Ол көлік құралдары салығы уәкілетті органдардың мәліметтері негізінде есептелетінін атап өтті.
«Бұл жағдайда Әкімшілік полиция комитеті. Мәліметтер онлайн режимде келіп түседі. Жеңіл автомобильдер үшін мөлшерлеме қозғалтқыштың көлеміне байланысты, ал жүк көліктеріне жүк көтергіштігіне, автобус үшін — отырғызу орындарының санына байланысты, Мотоциклдер үшін көлік салығы қозғалтқыштың қуатына байланысты», — деді ол.
Азамат Садықов көлік салығын төлеуден босату үшін негіз бар екенін түсіндірді.
«Егер көліктің ұрланғанын растайтын мәліметтер болса, онда салық есептелмейді», — деді Азамат Садықов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.