Мексикалық полицейлер жаппай кісі өлтірді деп айыпталды

Мексиканың солтүстік-шығысындағы Тамаулипас штатында, АҚШ шекарасына жақын жерде 19 адамның қазасына қатысы бар болуы мүмкін деген 12 полиция қызметкері ұсталды.

Елдің федералды агенттері қаңтар айының соңында Нуэво-Леон мен Тамаулипас штаттарының маңында өртенген үш пикаптың қорабынан жанып кеткен мәйіттер табылды деп хабарлады. Бұған дейін ол жерде қаруланған азаматтар арасында қақтығыс болған.

12 полиция қызметкері кісі өлтіру, өкілеттіктерін асыра пайдалану және есебін бұрмалағаны үшін бірнеше айыптаулар бойынша ұсталды. Олар 19 адамды атып өлтіріп, денелерін өртеген деп болжанады.

Билік қаза тапқан төрт адамның жеке басын анықтады: олардың екеуі Мексика азаматы және екеуі гватемальдықтар.

Мәйіттер табылған орын — бұрыннан бері есірткі картельдерінің қақтығысып келе жатқан жер. Қылмыстық синдикаттар мигранттарды тыйым салынған заттарды тасымалдау үшін пайдаланады және олардан өз аумағы арқылы өткені үшін ақша алады. Ақы төлеуден немесе ынтымақтасудан бас тартқандарды қорқыту үшін жиі өлтіреді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мексикада есірткі контрабандасы үшін айыпталған бұрынғы қорғаныс министрі ақталып шыққан болатын.

Добавить комментарий