Мексика Президенті ресейлік COVID-19 вакцинасына өзінің сенімін білдіріп, оның әсерін сынауға дайын екенін мәлімдеді.
Андрес Мануэль Лопес Обрадор Ресейдің әлемде бәрінен бұрын тіркеген коронавирустық инфекцияға қарсы екпені өз елінде бірінші болып сынауға дайын екенін айтты.
«Оның маңыздылығына күмән келтірмеу үшін мен бірінші болып екпе жасауға мүмкіндік берер едім», — деп атап өтті президент. Оның айтуынша, Мексика билігі жаңа препараттың тиімді екенін байқаса, ресейлік тараппен байланыс орнатады.
Мемлекет басшысы денсаулық мәселесі саяси идеологиялардан асып түсуі тиіс екенін, сондықтан ол вакциналары тиімді болатын Ресей, АҚШ немесе Қытай болсын, кез келген мемлекеттің көшбасшыларымен байланыс орнатуға дайын екенін айтты.
Ресей президенті Владимир Путин 11 тамызда Ресейде коронавирусқа қарсы әлемдегі алғашқы вакцина тіркелгенін, ол тиімді және жанама әсерлерді тудырмайтынын хабарлады. Препаратты сынаған еріктілердің арасында Путиннің қызы да болған.
Н.Ф. Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығының басшысы Александр Гинцбургтің айтуынша, Ресейдің ішкі қажеттіліктеріне жарайтын вакцина бір жыл ішінде шығарылады.
АҚШ президентінің кеңесшісі Келлиэнн Конуэй ресейлік препараттың АҚШ-тың әзірлемесінен артта қалып отырғанын айтып, вакцинаның әлі барлық клиникалық сынақтардан өтпегенін айтты.