Медициналық ұйымдарға салынатын айыппұл артады

Медициналық ұйымдарға айыппұлдарды он есеге ұлғайту арқылы өз қалдықтарын өңдеуге ынталандыратын болады.

«Биылғы жылы медициналық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесі өте өзекті болды. Жаңа Экологиялық кодекстің нормаларына сәйкес, бұл процессті негізінен Денсаулық сақтау министрлігі қарауы тиіс. Алайда, егер медициналық ұйымдар өз қалдықтарын қайта өңдемесе, айыппұлдар 10 есеге көбейтіледі, — бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жазылады. Мұндай қалдықтарды кәдеге жарату процесі лицензияланады және оған бақылау күшейтіледі», — деді ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Сонымен қатар Қазақстанда қоқысты қайта өңдеу бойынша үлкен проблема бар. Елімізде жыл сайын тұрмыстық қатты қалдықтардың тек 15%-ы өңделеді, ал 85%-ы полигондарға шығарылады. Бұл мәселені шешу үшін Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Тараз, Ақтөбе және Атырауда алты пилоттық жобаны енгізу есебінен қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуді 30%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

«Біз инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасайтын боламыз. Ол үшін арнайы механизм құрылды: қоқыс өртенеді, ал бұдан пайда болатын энергия елдің ортақ электр желісі арқылы сатылады. Баға аукцион арқылы анықталатын болады», — деп түсіндірді министр.

Бұдан бөлек, ведомство қоқысты өңдейтін типтік зауыттар салуды және оларға жеке инвесторларды тартуды жоспарлап отыр. Алайда олар тарифтердің төмен болғанына байланысты Қазақстанға келмейді — халық үшін орташа тариф айына 250 теңгені құрайды, ал оларға 100-150 еуро қажет. Сондықтан бағаны көтермеу үшін Экология министрлігі баламалы тетікті қолдануды жоспарлап отыр — инвесторларға 15 жыл бойы кепілдендірілген тарифтер бойынша қайта өңдеуден электр энергиясын сату мүмкіндігін беру.

Добавить комментарий