Мажарстанның жетекші аграрлық университеті Қазақстанда өкілдігін ашуға мүдделі

Мажарстанның жетекші аграрлық университеті еліміздің аумағында өкілдігін ашуға мүдделі, деп хабарлады ҚР СІМ.

ҚР-ның Мажарстандағы елшісі Жәнібек Әбдірашов мажар ауыл шаруашылығы және жаратылыстану ғылымдары университетінің ректоры профессор Чаба Дьюрицамен кездесуде мажар ауыл шаруашылығы жоғары оқу орнын Қазақстанда өз өкілдігін ашуға шақырды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Елші Мажарстанның сапалы жоғары білімі біздің елімізде сұранысқа ие болатынын және елдеріміз арасындағы халық шаруашылығы байланыстарын одан әрі нығайтуға қосымша серпін беретінін атап өтті.

Дьюрица өз кезегінде төрт университет пен он бір ғылыми-зерттеу институттарын біріктіретін Мажарстанның Ауыл шаруашылығы және жаратылыстану ғылымдары университеті Орталық және Шығыс Еуропадағы ауыл шаруашылығына бағытталған көп салалы жоғары оқу орындарының бірі болып табылатынын атап өтті.

Ректордың айтуыншв, Қазақстанда филиалдың ашылуы екі елдің ғалымдарына АӨК-нің барлық өзекті проблемалары бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруға, қазақстандық мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

ҚР СІМ хабарлайды! Мажарстан Үкіметі жыл сайын қазақстандықтар үшін 250 грант бөледі. «Стипендиеум Хунгарикум» гранттың негізінде Мажарстанның Ауыл шаруашылығы және жаратылыстану ғылымдары университетінде 29 студент оқиды. 2022 жылы академиялық мобильділік шеңберінде Мажарстанға «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығына ауыл шаруашылығының түрлі салаларында зерттеулер жүргізу үшін 6 зерттеуші-оқытушысы келді.

Добавить комментарий