Мас жүргізушінің кесірінен болған жол апатынан екі адам қаза тапты

Қызылордада мас жүргізушінің кесірінен болған жол апатынан екі адам қаза тапты. Жеңіл көлікті тізгіндеген ер адам рөлге ие бола алмай, жол жиегінде тұрған жедел жәрдем көлігіне соқтығысқан.

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша: 29 тамыз күні таңертең сағат 05:46-да Қызылорда қаласының орталық көшелерінің бірінде «Toyota Land Cruiser» автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, бағдаршамда тұрған жедел жәрдем автокөлігіне соқтығысты. ЖКО салдарынан екі адам медициналық мекемеге жеткізілді, алайда олар алған жарақаттарынан қайтыс болды. Тексеру барысында Toyota көлігінің жүргізушісі орта дәрежелі мас күйінде болғаны анықталды», — делінген сейсенбі күні таратылған хабарламада.

Сонымен қатар, ер адам 2016 жылдың қараша айында Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен көлік құралын басқару құқығынан бес жылға айырылғаны белгілі болды.

«Қазіргі уақытта ЖКО фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 346-баптың 6-тармағы (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Toyota жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп толықтырды полициядағылар.

Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Добавить комментарий