Марат Бәшімов: «Құқық қорғау тетігі барлық өңірлерде болуы тиіс»

Еуропалық құқық және адам құқықтары сарапшылық институтының директоры Марат Бәшімов Мемлекет басшысы жариялаған бастамалар аясында омбудсмен институтының қоғамдағы маңыздылығы туралы айтып берді.

Естеріңізге сала кетейік, жетінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуы барысында Мемлекет басшысы жақын арада «Омбудсмен туралы» арнаулы заңды қабылдауды тапсырған болатын. Марат Бәшімов аталған бастаманың қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.

«Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғау тиімділігін күшейту маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Бұл — заңдардың қабылдануын анағұрлым жоғары деңгейге көтеру. Адам құқықтары институты өркениетті әлемде омбудсмен деп аталады. Бұл институт — сот тетігі емес, құқық қорғау тетігі барлық өңірлерде болуы керек. Қазақстанда аймақтар үлкен және конституциялық құқықтар саласында бұзушылықтар кеңінен болуы мүмкін», — деді Марат Бәшімов Нұр-Сұлтанда өткен «Президенттік жаңа саяси реформалар пакеті» сараптамалық талқылауы аясында.

Сарапшының айтуынша, омбудсмен институтының үш маңызды қызметі бар: өтініштерді қарау; құжаттарды халықаралық шарттарға сәйкес келтіру; құқықтық ағарту.

«Осы институт арқылы азаматтар мұндай институттың маңызды екенін түсінулері керек, сондықтан ол заң деңгейінде қабылданады және реформалар пакетінде маңызды мәнге ие болады», — деді Марат Бәшімов.

Добавить комментарий