Сөйлеу қабілеті нашар балалар тәрбиеленетін Атырау қаласының мамандандырылған балабақшасында балабақша тәрбиешісі балаға қол көтерген. Ата-аналары жергілікті Білім бөліміне арыз жазды. Бір жылдан астам уақыт бойы ешқандай шара қолданылмаған соң, баланың әкесі Республиканың Бас прокуратурасына жүгінді.
«2019 жылдың 18 қарашасында Атырауда сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған «Алтын балық» мемлекеттік мамандандырылған балабақшасында тәрбиеші ұлыма бірнеше рет дене жарақатын салды. Балабақшаның бейнебақылау камераларынан менің ұлыма қатысты зорлық-зомбылық, қорлау және түрлі дене жарақаттарын келтіру фактілері түсірілген 25 бейнежазба бар. Қазіргі таңда тәрбиеші әлі күнге лейін балалармен жұмыс істеп келеді», — деп жазады баланың әкесі.
Баланың дамуында кідіріс бар және ересектер арасында не болғанын түсіндіре алмайтыны атап өтілді. Баланың әкесінің айтуынша, олар түрлі ведомстволарға жүгінген, бірақ нәтиже жоқ.
«13 ай өтті, нәтиже жоқ. Прокуратура мен қалалық полиция бөлімі үнемі кейінге қалдырады. 13 ай бойы біз қорқынышта өмір сүріп жатырмыз. Біздің отбасымыз үшін бұл үлкен күйзеліс. Біз, ата-аналар, өз баламызға қатысты әділдікті, тәрбиешіні баланың денсаулығына қасақана зиян келтіргені үшін жауапкершілікке тартуды және оны балалармен жұмыстан шеттетуді, сондай-ақ сот процесін кейінге қалдырмауды талап етеміз «, — деді баланың әкесі.
Ол өз үндеуін Қазақстанның бас прокурорына, ішкі істер министріне, білім министріне, еңбек және әлеуметтік қорғау министріне, сондай-ақ Атырау облысының әкімі мен бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саинге жолдады.
Аружан Саин Атырау облысы Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінен ақпарат берді.
«№20 «Алтын балық» балабақшасында тәрбиеші тарапынан тәрбиеленушіге қол көтеру оқиғасы болды. Бұл туралы баланың ата-анасынан қалалық білім бөліміне арыз келіп түсті. Біз арыды Атырау облысы бойынша Білім саласындағы бақылау департаментіне жібердік. Тексеру қорытындысы бойынша департамент тәрбиешіге айыппұл салды. Сонымен қатар, тәрбиеші жұмыстан босатылды. Тәрбиеленушінің ата-анасы Ішкі істер департаментіне арыз жазды, қазіргі таңда іс қозғалып, аталған факті бойынша тергеу жүргізілуде. Бұған дейін іс басқа бап бойынша қозғалған, алайда бір істе жаза тағы да айыппұл түрінде бола алмағандықтан іс тоқтатылды. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 110-бабы «Азаптау» бойынша іс қозғалды», — делінген департаменттің хабарламасында.
Қалалық білім бөлімі тарапынан тәрбиешіден түсініктеме талап етілді, алайда тәрбиешінің адвокаты сот шешімін күтуді талап етті.