Малиде елдің уақытша президенті Ба Ндао мен премьер-министр Моктар Уанды ұсталғаннан кейін саяси дағдарыс өршіді.
Сенегалдық БАҚ-тың хабарлауынша, уақытша президентті тұтқындаған әскери билік елдегі барлық әуе қатынастары мен құрлықтағы жолдарды жауып, коменданттық сағат жариялады.
Коменданттық сағат бүкіл ел бойынша сағат 20:00-ден 06:00 аралығында.
Әскерилер 24 мамырда елдің уақытша президенті Ба Ндао мен Премьер-министр Моктар Уанды қамауға алып, оларды ел астанасы Бамако маңындағы әскери базада қамаққа алғаннан кейін Малиде орын алған саяси дағдарысқа байланысты осындай шара қабылданды.
Бір тәулік өткен соң вице-президент Ассими Гоита оларды барлық өкілеттігінен айырғанын мәлімдеді.
Сәрсенбі күні Гоитаның кеңесшілерінің бірі Ба Ндао мен Моктар Уанның отставкаға кетіп, қызметінен кеткенін мәлімдеді. Әзірге Ндао мен Уан тарапынан ресми мәлімдеге болған жоқ.
Сонымен қатар, Seneweb басылымының мәліметінше, сәрсенбі күні Бамакода Гоита бастаған әскерилер тобы мен Мали қаласына келген Батыс Африка мемлекеттерінің Экономикалық қауымдастығы (ЭКОВАС) делдалдарының делегациясы арасында консультациялар өтті.
Оны Нигерияның бұрынғы президенті Гудлак Джонатан бастап келеді.
Белгілі болғандай, егер олар Ндао мен Уанды дереу босатпаса, ЭКОВАС малиялық әскерилерге ауқымды санкция салатынын айтып, сес көрсетті.
Өз кезегінде, Гоита алдағы екі тәуліктің ішінде елдің жаңа үкіметін тағайындауға ниетті екенін анық білдірді. Бұл ретте жаңа уақытша президент сайланғанға дейін Малиде жоғарғы билік әскери кеңестің қолында болады. Алайда консультациялар жалғасуда және тараптар әлі де өз ұстанымдарын өзгерте алады.
Гудлак Джонатан ЭКОВАС делдалдары делегациясының бастауымен 2020 жылдың тамыз айында болған әскери төңкерістен кейін үш рет Малиге барып, Гоита және малиялық әскерилерімен келіссөздерге қатысқан. Сол кезде ЭКОВАС тарапынан ауқымды санкциядан сескенген әскерилер азаматтық тұлға бастаған үкімет құруға, сондай-ақ Малидің уақытша президентін сайлауға келісті.
Әскерилер құрған таңдаушылар алқасы 21 қыркүйекте бұрынғы қорғаныс министрі және отставкадағы полковник Ба Ндаоны алдағы 18 айға Малидің уақытша президенті, ал Ассими Гоитаны вице-президент етіп бекітті. Ба Ндао өзінің жарлығымен 27 қыркүйекте СІМ-де басшылық еткен Моктар Уанды Мали өтпелі үкіметінің басшысы қызметіне тағайындады. Әскерилер Малидің өтпелі кезеңнен өтіп, билікті басып алған сәттен бастап 18 айдан кейін өтетін президенттік және парламенттік сайлау арқылы демократиялық басқаруға қайта оралатынын жариялады.