МАГАТЭ делегациясы Запорожье АЭС-іне аттанды

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) басшысы мен 13 сарапшы Запорожье АЭС-іне аттанды.

Бұл туралы агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси Twitter-де хабарлады.

«Бұл күнге де жеттік, МАГАТЭ-нің қолдау мен көмек көрсету жөніндегі миссиясы Запорожье АЭС-іне аттанды. Біз Украина мен Еуропаның ірі ядролық нысанының қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Осы аптада ЗАЭС-ке баратын миссияға жетекшілік ететінімен мақтан тұтамын», — деді Гросси.

Комиссияға Британия мен АҚШ өкілдері кірмеді, бірақ оның құрамында Украинаға достас Польша мен Литваның сарапшылары бар. Сонымен қатар, комиссия мүшелері арасында Албания, Франция, Италия, Иордания, Мексика, Солтүстік Македония, Қытай және Сербия өкілдері бар.

Ресейдің бақылауындағы Запорожье облысының билігі МАГАТЭ миссиясын Запорожье АЭС-іне қабылдауға және олардың толық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екенін бірнеше мәрте мәлімдеді.

«Біз МАГАТЭ миссиясын қабылдауға дайынбыз, оларға толық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайынбыз, олар нақты жағдайды бағалап, атыс Украинаның бақылауындағы аумақтан жүргізіліп жатқандығына, станцияда қару-жарақ сақталмағанына көз жеткізуі үшін оларға станцияға және іргелес аумақтарға кіру мүмкіндігін қамтамасыз етуге дайынбыз. Басты мәселе — олар Украинадан миссия өкілдері кеткенше «тыныштық режимін» қамтамасыз етуге дайын ба», — деді өңір әкімшілігінің басшысы Евгений Балицкий РИА «Новости» берген сұхбатында.

Энергодар қаласы мен оның аумағындағы атом электр станциясын қоса алғанда, Запорожье облысының бір бөлігін ақпан айының соңында ресейлік әскерилер өз бақылауына алды. Шілде айының ортасынан бастап тараптар бір-бірін Запорожье АЭС-і мен Энергодарды атқылады деп айыптайды.

Ресейлік тараптың мәліметінше, УҚК-ның тұрғын аудандары бойынша соңғы атқылауы 29 тамызға қараған түні болған.

Добавить комментарий