Маңызды! Абай облысында орманға кіруге қатаң тыйым салынды

Абай облысының аумағында жоғары өрт қаупіне байланысты орманға кіруге қатаң тыйым салынды.

Облыс аумағында 38 градусқа дейін аптап ыстық болады деп күтілуде.

Орман шаруашылығы қызметі аптап ыстық ауа райына байланысты Абай облысы мен Семей қаласының тұрғындарына «Семей орманы» табиғи резерватына кіруге тыйым салынғанын хабарлады.

«Ауа температурасының +38°С-қа дейін қалыптан тыс көтерілуіне байланысты «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мемлекеттік орман қорының аумағында жоғары өрт қауіптілігі сақталады Осыған байланысты орманға кіруге және ормандағы кез-келген қызметке тыйым салынады!»- делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ, орманды дала мен далалы аймақтарда абай болуды сұрайды. Отты абайсыз пайдалану, ұшқын сөндіргішсіз автотракторлық техникамен жұмыс, тасталған шылым қалдықтары немесе жанып жатқан сіріңке, тұрмыстық қоқыс құрғақ шөпті өсімдіктер мен қылқан жапырақты орман жамылғысының өртке орануына және сөндіруге қиынға түсетін, жоғарыдағы қаулама өртке әкеп соқтыруы мүмкін.

Резерватта маусым және шілде айларында орман өрттері болған.

Қазір Қостанай облысында орман өрті өршіп тұр. ТЖМ жедел штабының соңғы мәліметтері бойынша, Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдары маңында және жалпы ұзындығы 5 шақырым болатын орман аймағында өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда. Қызыл жалын 91 тұрғын үйге зақым келтірді, ең көбі Аманқарағай ауылында.

Өрт сөндіруге 2100-ден астам адам, 224 бірлік техника, алты әуе кемесі, бес өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған.

10 адам жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақат, күйік алып, уланды, 1935 жылы туған ер адам қаза тапты.

Добавить комментарий