Маңғыстау облысында екі қызды зорлаған күдікті өзіне қол жұмсады

Маңғыстау облысында 16 және 12 жастағы екі қызды зорлады деген күдікпен ұсталған ер адам полиция учаскесінде терезеден секіріп, өзіне қол жұмсаған.

Бұл туралы Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Оқиға 5 ақпанда Маңғыстау облысындағы аудандардың бірінде болды. Әйел 16 және 12 жастағы кәмелетке толмаған қыздарды зорлау фактісі бойынша полицияға арызданған.

Тергеу барысында күдікті қыздардың ата-анасының жақын досы болып шыққаны анықталды. Ер адам 2019 жылдан бері азғындық жасап келген және төрт жыл бойы қыздардың ата-анасы арыздағанға дейін зорлық көрсеткен.

Құқық қорғау органдары сол күні қыздарды зорлады деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. Ер адам кінәсін мойындап, кейін полиция учаскесінің терезесінен секірді. Бірнеше күн өткен соң ол ауруханада қайтыс болды.

«Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 4-бөлігі («Бірнеше рет зорлау») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді», — деп хабарлады полиция ведомствосы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жетісу облысында кәмелетке толмаған қызды зорлап, кейін өлтірген педофилге қатысты үкім шығарылған болатын.

Добавить комментарий