Сенат депутаттары жалпы отырыста «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне уран өндіру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, өз түзетулерімен мәжіліске қайтарды.
«Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар түзетулер ұсынды, олар бойынша қорытынды алу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданды. Үкіметтің келіп түскен қорытындысына сәйкес, бір позиция Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік және жеке операторларды құруға тыйым салу жөніндегі кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына байланысты қолдау тапты», — делінген Сенаттың экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің қорытындысында.
Заң шығару рәсіміне сәйкес, Сенаттың түзетулерімен Мәжіліс депутаттары келісуі тиіс. Оларды қолдаған жағдайда заңды Парламент қабылдайтын болады. Бұдан бұрын хабарланғандай, заң жобасын Мәжіліс депутаттары құқықтық олқылықтар мен әкімшілік кедергілерді жою мақсатында әзірледі, олар уранды барлау және өндіру саласында Кодексті іс жүзінде қолдану барысында анықталған.
Депутат Ирина Унжакова сенаторлар алдында сөйлеген сөзінде қазіргі кезде жер қойнауын пайдаланушы барлық кәсіпорындар ескірген геологиялық деректер негізінде жұмыс істейтінін, қазіргі кезде уран қорларының өздері мен оның кен орындарының геологиялық құрылысын қосымша зерттеуді талап ететінін түсіндірді.
«Бұдан басқа, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс қабылданғаннан кейін қатты пайдалы қазбалар, оның ішінде уран кен орындарын барлау бойынша құзырет Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, ал өндіру бойынша — Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне берілді. Осындай өкілеттіктерді бөлу салдарынан жер қойнауын пайдаланушылар келісімшарттық міндеттемелерді орындауда қиындықтар тудырды», — деп атап өтті ол.
Осыған байланысты түзетулер енгізіледі, олар:
- уран өндіру кезеңін ұзарту шарттары мен рәсімдерін реттеу;
- жобаға сәйкес кен орнында уран өндіру кезеңінде келісімшарт аумағының шегінде учаскеге барлау (зерттеу) жүргізу;
- жаңа кен шоғыры немесе уран шоғыры табылған жағдайда кен орнын игеру жобасына немесе уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасына толықтыру шеңберінде оларға бағалау жүргізу;
- «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін уран өндіру саласындағы уәкілетті орган уранды барлауға арналған келісімшарттар бойынша құзыретті орган болып айқындалсын.
Сондай-ақ, Кодекстің уран өндіру кезеңін ұзарту шарттарын реттейтін 173-бабына егер ресурстарды зерттеу және бағалау қорытындылары бойынша кен орны қорының өсімі бастапқы көлемнің 30% және одан да көп болса, онда жер қойнауын пайдаланушы келісімшартының ережелеріне өңірде әлеуметтік-экономикалық жобаны іске асыру бойынша міндетті болуы керек деген норма енгізіледі.