Мәжіліс Төрағасы Жапонияның Қазақстандағы елшісін қабылдады

Қазақстан мен Жапония өкілдерінің үкіметтік кездесуі өтті. Тараптар екі ел арасындағы әріптестік және экономикалық, дипломатиялық және сауда қатынастарындағы ынтымақтастықты нығайту туралы пікір алмасты.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаиді қабылдады.

Еліміз үшін Жапония Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі маңызды стратегиялық серіктес екенін айта келе, Нұрлан Нығматулин Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетаралық қарым-қатынастарды қалыптастырудағы және нығайтудағы рөлі зор екенін, сондай-ақ Жапониямен көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, Қазақстан мен Жапония арасында ядролық қауіпсіздік, қарусыздану, тұрақты даму, климаттың өзгеруі және басқа да салаларда БҰҰ аясында жаһандық серіктестік орнатылған.

Бұл ретте Нұрлан Нығматулин сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды жандандыру Қазақстан-Жапония қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді. Өз кезегінде, Тацухико Касаи екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуы туралы айта келе, мұны екі мемлекеттің тарихы үшін айтулы оқиға деп атады. Жапон дипломаты осы уақыт ішінде Қазақстан басшылығының арқасында айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізгенін және қазақстандықтар өз елі жеткен жетістіктерімен мақтана алатынын атап өтті.

Тараптар парламентаралық байланысты дамыту туралы пікір алмасып, екіжақты ынтымақтастықта алар орны ерекше екенін атап өтті.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, заңнамалық тәжірибе алмасу, бейінді комитеттер, ынтымақтастық топтары деңгейінде тұрақты кездесулер тәжірибесін жалғастыру, партияаралық желі бойынша өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ парламентшілердің халықаралық ұйымдары аясында екі елдің ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестігін жан-жақты нығайтуға ықпал етеді.

Добавить комментарий