Қазақстанда азық-түліктің бағасы қымбаттап барады. Халық қалаулысы елдегі жағдайға шүйлікті.
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов палатаның жалпы отырысында жекелеген азық-түлік тауарларының бағасы айтарлықтай қымбаттағанын айтып, министрлер кабинетінен бағаны ұстау бойынша барабар шаралар қабылдауды сұрады.
Ол өзінің депутаттық сауалын вице-премьер Роман Скляр мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринге жолдады.
«Қазақстандықтар үшін күнде сатып алатын азық-түлік бағасының өсуі бірінші кезекті проблема болып отыр. Ұлттық банк үкіметпен инфляция жылдық көрсеткіште небәрі 7,2%-ды құрайды деп есеп берді. Бірақ дүкендерде біз мүлдем басқа көріністі байқап отырмыз. Жеке азық-түлік өнімдерінің бағасы еселеп өсіп жатыр. Жақында ғана картоптың келісі 500 теңгеге дейін күрт қымбаттағанына байланысты халықтың сыны орынды. Мысалдарды жалғастыра беруге болады», — деді мәжілісмен.
Осыған байланысты ол Үкімет жағдайды мұқият қадағалап, азық-түлік бағасының өсуін тежеу ұшін тиісті шаралар қабылдауы қажет деп санайды.
«Инфляциямен күресу үшіналдымен монополиялар мен картельдермен күресу керек. Жақында Ресей премьер-министрі бағаның өсуінің негізгі себебі ретінде жекелеген өндірушілер мен сауда желілерінің ашкөздігін атаған. Бұл Қазақстан үшін де солай. Біздің Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттігіміз немен айналысуда.
Министрлер де жағдайды түсіндірумен айналысуда, бірақ халық әзірге айтарлықтай өзгерістер көріп отырған жоқ. Жақында ғана Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бізге бағаны негізсіз өсуіне жол бермеудің жаңа тәжірибесі туралы айтты. Олар мұны «жұмсақ құқық» тәжірибесі деп атайды екен. Шын мәнінде кезекті «бос сөзге» ұқсайды», — деп атап өтті Жамалов.
Оның мәліметінше, төрт ай ішінде монополияға қарсы орган бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттер, үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша жұмыртқа, күнбағыс майы, қант, қарақұмық жармасы, сүт өнімдері, тауық еті, макарон өндірушілері мен көтерме жеткізушілеріне 48 хабарлама берген.
Статистикаға қарайтын болсақ, соңғы 12 айда жұмыртқа 33,7 пайызға, күнбағыс майы 48 пайызға, қант 26,3 пайызға, қарақұмық жармасы 29,4 пайызға қымбаттады. Бұл агенттік хабарлама берген тауарлар. Бізге мұндай «жұмсақ құқықтың» керегі не? Мұндай жағдайда үлкен жұмыс атқарып жатқандай болудың орнына тиімді әрекет ету керек деп санаймын. Осыған байланысты әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсу себептерін талдауға, бағаның өсуін тежеу бойынша қолданыстағы тәсілдерді өзгертуге, жеткізушілер мен сатушылардың сөз байласуы нәтижесінде бағаның алыпсатарлық өсуіне қарсы күрес жөніндегі жұмысты күшейтуді сұраймын», — деп атап өтті депутат.
Ол сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмекті ұлғайту немесе халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін азық-түлік сертификаттарын енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуді ұсынды.