Мәжіліс депутаттары ЕАЭО елдерінен жұмыс істейтін азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялауды мақұлдады

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары пленарлық отырыста Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялауды мақұлдағаны белгілі, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі. Жоғарыда аталған келісімге 2019 жылғы 20 желтоқсанда қол қойылды.

Құжат Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт аясында ЕАЭО-ға қатысушы елдердің ынтымақтастығын тереңдетудің нәтижесі болып табылады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов өз сөзінде ЕАЭО азаматтарын басқа мүше мемлекеттерде еңбек қызметін жүзеге асыруы кезінде зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін құқықтық реттеу жұмыс күшінің қозғалуы жолындағы қазіргі кедергіні жоюға мүмкіндік беретінін және еңбек қызметін заңдастыруды қосымша ынталандыратынын атап өтті.

Келісім күшіне енгеннен кейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары еңбек қызметін жүзеге асырған мемлекеттің азаматтары сияқты зейнетақымен қамсыздандыруға құқылы болады.

Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, ЕАЭО-ға қатысушы әрбір ел еңбеккеріне өз аумағында жинақталған жұмыс өтілі үшін зейнетақы төлейтін (экспорттайтын) болады.Зейнетақыны ЕАЭО-ның басқа елінде тұрып жатқанына қарамастан, еңбеккер өзінің еңбек қызметін жүзеге асырған ЕАЭО-ға мүше мемлекет төлейтін болады.

Қазақстанда Келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті орган болып Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры белгіленді. Зейнетақы төлемдерін тағайындаудың барлық мәселелері бойынша ҚР мен ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің азаматтары тікелей БЖЗҚ-ға жүгінетін болады.

ЕАЭО-ның басқа мемлекеттерінің еңбекшілерінің келісімі бойынша Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін зейнетақы төлемдері жүзеге асырылатын болады, өйткені олар ҚР-да тұрақты тұратын азаматтармен және шетелдіктермен тең жағдайда Ұлттық зейнетақы заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда БЖЗҚ-ға МЗЖ аударады.

Добавить комментарий