Мәскеудегі Ғылым академиясында ҚР мен РФ-ның стратегиялық серіктестігі талқыланды

Мәскеуде Ресей ғылым академиясының Шығыстану институтының алаңында «Ресей мен Қазақстан: стратегиялық серіктестік пен жан-жақты ынтымақтастықтың 30 жылы» тақырыбында өткен ғылыми-практикалық конференция аясында ғалымдар ҚР мен РФ-ның 30 жылдық стратегиялық серіктестігі талқыланды.

Іс-шараны Қазақстанның Мәскеудегі Елшілігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) және Ресей ғылым академиясының Шығыстану институты (РҒА ШИ) ұйымдастырды.

Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұхтар Ерман мен Берік Әбдіғалиұлы, РФ Мемлекеттік думасының депутаты Виктор Водолацкий, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев, Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин (онлайн қосылумен), ҚСЗИ директоры Зарема Шаукенова, РҒА ШИ директоры Аликбер Аликберов және екі елдің басқа да көрнекті ғалымдары қатысты.

Конференция жұмысы екі сессия аясында өтті.

«Қазақстан-Ресей қатынастары: тарихтан қазіргі заманға дейін» бірінші сессиясының спикерлері екі елдің тату көршілік қарым-қатынастарының негізі ретінде халықтар арасындағы тарихи-мәдени байланыстар мәселелерін талқылады. Қатысушылар заманауи әдіснама мен ғылым жетістіктерге негізделген мамандардың бірлескен жинақтау жұмыстарын дайындаудың маңыздылығына назар аударды.

«XX ғасыр және Тәуелсіздік. Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын дамыту» тақырыбындағы екінші бөлім XX ғасыр тарихы және мемлекетаралық өзара іс-қимылда тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі ретінде посткеңестік кезеңдегі екіжақты қатынастардың шарттық-құқықтық базасын нығайту, сонымен қатар, қазіргі геосаяси үдерістер контексіндегі Қазақстан – Ресей қарым-қатынастарын талдау мәселелеріне арналды. Ғылыми қоғамдастықтың өкілдері тарихқа, оның ішінде кеңес кезеңіне жүйелі және жан-жақты қарау қажет екенін атап өтті.

Екі елдің парламент депутаттары, ғалымдары мен сарапшылары өз сөздерінде конференцияда талқыланған тақырыптардың маңыздылығын атап өтті. Олар мазмұнды диалогты жандандырудың өзектілігіне, қазақстандық және ресейлік ғалымдардың тарихи көзқарасына, сондай-ақ екі тәуелсіз мемлекет дамуының жаңа кезеңінде ұлттық егемендігін, аумақтық тұтастығын және КСРО ыдырағаннан кейін белгіленген шекаралардың мызғымастығын құрметтеуге негізделген стратегиялық әріптестік пен тату көршілік қатынастарды үдемелі нығайту мақсатындағы екіжақты қатынастардың дамуына ерекше назар аударды.

Добавить комментарий