Бүгін, 2023 жылғы 29 желтоқсанда Медеу ауданындағы Құлжа трактінде жол апаты болып, салдарынан жаяу жүргінші қаза тапты.
Полицияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, оңтүстік бағытта келе жатқан Mercedes-Benz автокөлігінің жүргізушісі сағат 09:10-да Тараз көшесінің қиылысында жаяу жүргіншіні қағып кеткен. 1961 жылы туған ер адам алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды. Аталған оқиға ҚР ҚК 345-бабының 3 бөлігі бойынша тіркелді.
Mercedes-Benz маркалы көлік жаяу жүргіншімен соқтығысқаннан кейін, қарсы жолаққа шығып кетіп, Nissan маркалы көлікпен соқтығысты. Тәртіп сақшылары аталған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті сараптамалар жүргізеді.
Бұған дейін 2023 жылғы 28 желтоқсанда Ақтөбе маңындағы тас жолда қызметтік борышын өтеу кезінде көлік инспекциясы қызметкері қайтыс болған. Ер адамды екі жүк көлігі қағып кеткен, ол алған жарақаты салдарынан қайтыс болды.