Ұлыбританияның барлау қызметі тәліптердің Кабулды басып алу мүмкіндігін жете бағаламады

Ұлыбританияның барлау қызметі тәліптердің 2021 жылдың соңына дейін Кабулды басып алуы екіталай деп мәлімдеген.

Біріккен Корольдіктің СІМ басшысы Доминик Рааб «НАТО-дағы одақтастары да осындай пікірде болған» деді.

«Біз Біріккен барлау комитеті мен әскерилер жасаған болжамға сүйене отырып әрекет еттік. Болжам бойынша әскерлер шығарылғаннан кейін тамыз айының соңына қарай елдегі ахуал нашарлайды, алайда Кабул осы жылы содырлардың қолына өтуі мүмкін емес деп есептелген. НАТО-дағы одақтастарымыз да осындай көзқараста болды», — деп атап өтті министр Доминик Рааб корольдік парламенттің қауымдар палатасының сыртқы істер жөніндегі комитетінде өткен тыңдауда.

Сондай-ақ Рааб АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігінің Ауғанстаннан әскерилерін біржола шығару туралы шешімінен кейін ел аумағында әскери операцияны жалғастыру үшін жаңа коалиция құру мәселесі көп талқыланбағанын атап өтті. Оның айтуынша, НАТО-дағы серіктестері миссия бойынша негізгі шығындарды АҚШ өз мойнына алғанындықтан, Вашингтонның қатысуынсыз соғысты жалғастыруға “құштар” болған жоқ. «Меніңше, бізде шынайы альтернатива болған жоқ», — деді ол.

14 сәуірде Байден Ауғанстандағы операцияны аяқтау туралы шешім қабылдады. Осыдан кейін «Талибан» қозғалысы елге бақылау орнату үшін ауқымды операция бастады және 15 тамызда Кабулды соғыссыз басып алды. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден кетті. Республика вице-президенті Амрулла Салех өзін мемлекет басшысының міндетін атқарушы деп жариялап, Панджшер провинциясындағы дала командирі Ахмад Шахтың (1953-2001) ұлы Ахмад Масудты тәліптерге қарсы күресуге шақырды. Батыс елдері 31 тамызға дейін өз азаматтары мен олармен әріптестік орнатқан ауғандықтарды республикадан эвакуациялауды аяқтады.

Добавить комментарий