Беларусь президенті Александр Лукашенко елдің мемлекеттік құрылымдарында нағыз патриоттар жұмыс істеуі керек екенін мәлімдеді.
Оның пікірінше, жоғары мемлекеттік лауазымдарға кадрды іріктегенде үміткерлерді зерделеу нашар жүргізіледі.
Бұл туралы ол жұма күні президент әкімшілігінің басшылығымен өткен жиында айтты.
«Мен сіздерге бұл туралы ескертпеуім керек. Бірақ кейде айтуға тура келеді, себебі кейде қандай да бір лауазымға үміткерлерді зерделеу ақсап тұр. Біз оларды басқа лауазымға ауыстырғанда, вакансия ұзақ уақыт тұрады. Кадр резервімен жұмыс қалай жүргізіліп жатқанын білсем деймін», — деді жиында Лукашенко.
Мемлекет басшысының айтуынша, кадр жұмысына келер болса, «кадрлардың тазалығы басты назарда тұр», бұл тек президент әкімшілігіне ғана қатысты емес, «елдің барлық басшылығына қатысты». Мемлекеттік құрылымдарда мемлекеттік кәсіби мамандар мен патриоттар жұмыс істеуі керек», — деп қорытындылады Лукашенко.