Ұлттық музейдің директоры сыбайлас жемқорлық фактілері мен негізсіз тексерулер туралы айтты

Қазақстанның бұрынғы мәдениет және спорт министрі — Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрескені үшін негізсіз тексерулерге ұшырағанын мәлімдеді.

«Қай салада жұмыс жасамайын, мен әуелі ұлт мүддесі үшін тер төгіп жүргенімді айтқым келеді. Мемлекет бюджетіне қол салғандарға аяусыз тосқауыл жасап келемін. Әрине, мұндай әрекеттерім кейбір адамдарға ұнасын ба? Кейбір адамдар әлі күнге дейін тірліктеріме тұзақ құрып келеді», — деп жазды Мұхамедиұлы дүйсенбі күні әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол осыдан бірнеше жыл бұрын «Феникс» көркемфильмінің түсірілімдеріне бөлінген қаражаттың жымқырылғаны туралы істі еске салды.

«Нақтылап айтқанда, «Феникс» киножобасы бойынша бюджет қаржысын жымқырды деген күдік келтіріліп, кинорежиссер Талғад Жаныбеков қамауға алынды. Оған қазақстандық белгілі актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұловтың да тікелей қатысы болатын. «Феникс» фильмінің шарты голливуд компаниясы «Aldamisa Entertainmentпен» жасалынды деген сөз жалған болып шыққан еді. Шын мәнінде, «Казахфильм» АҚ «T.K.TURAN UNIVERSAL BUSSINES» ЖШС-пен және ресейлік ООО «Альдамиса РУС» жасанды компаниясымен келісім жасалып, бюджеттен бөлінген 3 млн.доллар қолды болып кете жаздаған», — деді экс-министр.

Мұхамедиұлының айтуынша, «Жаманқұлов өз қорғаушысының көзінше «Феникс» фильмінің өндірісіне бөлінген бюджет қаражатын жымқырғанын толықтай мойындады» .

» Продюссер Тұңғышбай Жаманқұлов айыбын бетіне басқаным үшін, мені ата жауындай көріп, күні бүгінге дейін жөн-жосықсыз арызданып келеді. Әрине, «қаһармандар» азуын көрсетуден қайтар емес. Кез-келген ілкімді сәтті пайдаланып, Өзіңіздің атыңызға, басқа да құрылымдарға еш негізі жоқ шатпақ шағымдарын шаршамай жазып келеді. Оның ту сыртында кезінде Дариға Назарбаеваның, Бағлан Майлыбаевтың, Ермек Аманшаевтың тұрғанын және де солардың айдағы екені де белгілі. Әлбетте, қисапсыз тексеру, тергеу амалдары да жүрді. Бірақ, менің ар-ұжданым таза! Жеке басымды қаралаған бірде-бір факт дәлелденбеді. Кейінгі кезде, енді арыз иелері музейде кеткен бұрыңғы кінәраттарды да маған жапсыра салғысы келеді. Осыған орай, негізсіз тексерулерге тосқауыл болуыңызды сұраймын!»- деп Мұхамедиұлы Тоқаевқа үндеу жариялады.

Бұған дейін Мұхамедиұлының үйі мен Ұлттық музейде тінту жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Кейін экс-министрдің өзіне қол жұмсағаны жасағаны туралы ақпарат тарады.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың маусым айында Жаманқұлов шамамен Т69 млн жымқырды деген айыппен 3,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған, Тергеу мәліметтерінше, «Қазақфильм» киностудиясы «Т.К.Тuran Universal Business» ЖШС-де «Феникс» фильмін шығарудың дайындық және дайындық кезінде Т79 млн аударған. Айыптау тарапының болжамынша, оның Т69 млн-ын Жаманқұлов жымқырған.

Добавить комментарий