Ұлттық банк әлеуметтік желілердегі ақша купюралары арқылы коронавирусты жұқтыру ықтималдығы туралы алаңдатарлық жарияланымдарға түсініктеме берді.
Ұлттық Банктің қолма-қол ақша айналымы департаментінің директоры Ж.Қажмұратов коронавирус қолма-қол ақша арқылы жұғуы мүмкін бе және оның бетінде қанша уақыт өмір сүретіндігі туралы айтты.
Банкноттардағы «өмір сүру мерзімі» тақырыбының бірнеше нұсқасы бар. Бір мәлімет бойынша, бөлме температурасы кезінде вирус беттерінде 28 күнге дейін, ал басқалары бойынша — 24 сағатқа дейін өмір сүреді, Еуропа Орталық Банкінің мәліметінше, банкноттарда бірнеше сағаттан кейін COVID-19 іздері жоғалады. Біздің ойымызша, вирустың банкноттарындағы «өміршеңдік» мәселесі анағұрлым нақты деректерді анықтау үшін одан әрі зерттеуді талап етеді, — деді ол.
Оның айтуынша, Ұлттық банк, әдетте, банкноттарды қайта айналымға шығармас бұрын, ақшаны банктік орамада кемінде 14 күн қоймада ұстайды. Осыдан кейін ғана біздің мамандар ақшаны сұрыптап, есептеуге кіріседі. Банкноттарда вирустың «өмір сүру» ұзақтығы бойынша әртүрлі нұсқалардың болуын ескере отырып, алдын алу мақсатында қолма-қол ақша қайта санауға дейін 45 күн бойы ашылмай сақталады.
Сондықтан да COVID-19 Ұлттық банктен айналымға түсетін банкноттардың бетінде болу ықтималдығы шамалы, — деп есептейді маман.
Біздің ұсыныстарымызға сәйкес, екінші деңгейлі банктер, «Қазпошта» АҚ және инкассаторлық ұйымдар банкоматтар мен кассалық техниканы өңдеуді жүзеге асырады, — деді Қажмұратов.
Ол ДДСҰ мен Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің ресми ұсыныстарын, сондай-ақ барлық уақытта әрекет ететін ақылға қонымды кеңестерді басшылыққа алуға — гигиена ережелерін сақтауға, жеке қорғану құралдарын пайдалануға және т.б. кеңес берді.