Ұлттық банк азық-түлік бағасының жылдық өсуі 10%-ды құрайды деп мәлімдеді

ҚР Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, соңғы бір жылдың ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 10 пайызға өсті.

Ұлттық банктің хабарлауынша, 2022 жылғы қаңтарда тұтыну бағалары 0,7%–ға өсті, жылдық мәнде бағаның өсуі 8,5%- ға дейін жеделдеді (2021 жылғы желтоқсанда-8,4%).

Ақылы қызметтер инфляциясы тұрғын үйді жалдау құнының неғұрлым жоғары өсуі аясында жеделдеді. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі өткен жылғы желтоқсан деңгейінде сақталып, 9,9%-ды құрады

2022 жылдың қаңтарында нан өнімдері мен жарма, жемістер мен көкөністер тобында бағаның өсуі байқалды. Әлемдік нарықтардағы бағаның неғұрлым қалыпты өсуі аясында қант бағасының өсуі баяулады.

«2022 жылғы қаңтардағы азық-түлік емес тауарлар бағасының жылдық өсу қарқыны да бұрынғы деңгейде (8,5%) сақталды. Сұраныстың артуы және компоненттердің, атап айтқанда микросхемалардың әлемдік тапшылығы аясында автомобильдер бағасының өсуі жеделдеді», — деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі.

Сонымен қатар, 2022 жылдың қаңтарында импорттық бағаның өсуіне байланысты дәрідәрмектердің қымбаттауы байқалды

2022 жылдың қаңтарында бензин, дизель отыны, сұйытылған газ бағасы төмендеді, бұл осы тауарлар бағасының жылдық өсу қарқынының баяулауына ықпал етті, осылайша азық-түлік емес тауарлардың барлық тобы бағасының жылдық өсуін шектеді.

«Ақылы қызметтердің жылдық инфляциясы 2022 жылғы қаңтарда 6,8% – ға дейін жеделдетуді көрсетті (2021 жылғы желтоқсан – 6,5% — ға өсу). Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу бағасы жоғары сұраныстың арқасында өсуін жалғастырды. 2022 жылдың қаңтарында амбулаториялық қызметтердің қымбаттауы байқалды», — деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі.

2022 жылғы қаңтарда реттелетін коммуналдық қызметтер Батыс Қазақстан облысында электр энергиясының қымбаттауы аясында аздап қымбаттады. Реттелетін қызметтердің қалған түрлерінің бағасы 2022 жылғы қаңтарда өзгерген жоқ.

2022 жылғы қаңтарда өңдеуші өнеркәсіптегі өндірушілер бағасының ел ішінде сатылатын өнімге 17,5% – ға дейін (2021 жылғы желтоқсанда – 18,4%) өсуінің баяулауы жалғасты.

«Азық-түлік өндіруші кәсіпорындар арасында май, тоң май және қант өндірісі бағасының өсуі айтарлықтай баяулады. Екінші жағынан, бидайдың әлсіз шығымдылығы аясында нан-тоқаш және макарон өнімдерін өндірушілердің, сондай-ақ мал азықтық дақылдарының қымбаттауына байланысты ет пен сүт өнімдерінің бағасы аздап өсті», — делінген Ұлттық банктің мәлімдемесінде.

Ауыл шаруашылығында 2022 жылғы қаңтарда өндірушілер бағасының 16,9%-ға дейін өсуінің баяулауы жалғасты (2021 жылғы желтоқсанда – 17,3%-ға өсті). Өсімдік шаруашылығында бидай, арпа, жүгері және мал азықтық дақылдары бағасының өсуінің жеделдеуі байқалды.

Мал шаруашылығы өнімдерінің арасында шикі сүт бағасының өсуі баяулады және жұмыртқа өндірушілердің бағасы төмендеді.

Добавить комментарий