Неміс полицейлері осы айдың ішінде Ауғанстан аумағынан шығарылады

ГФР полицейлері осы айдың соңына дейін Ауғанстан Ислам Республикасының аумағынан кетеді. Оларды шығару операциясы халықаралық әскери күштерді шығару жөніндегі науқан шеңберінде жүргізілетін болады. Неміс полициясының қызметкерлері жергілікті құқық қорғау органдарының жеке құрамын дайындауға көмектескен.

«Кабулда қалған 20 неміс полицейлері 30 сәуірге дейін Германияға оралады», — деп хабарлады ГФР ІІМ өкілі Funke медиа тобының басылымдарына берген сұхбатында, ол бейсенбі күні, 22 сәуірде Deutsche Welle-де жарияланды.

Германияның қорғаныс министрлігі бундестагтың бейінді комитетін 4 шілдеге қарай бундесвер қатысып отырған НАТО-ның «Батыл қолдау» (Resolute Support) миссиясының аяқталуы болжанып отырғанын хабардар етті. Әскерлерді шығару күні туралы түбегейлі шешімді НАТО Кеңесі қабылдайды. Бұған дейін бундесвер күштерін Ауғанстан аумағынан шығару тамыздың ортасында аяқталады деп болжанған болатын.

Сәуір айының басында ГФР қорғаныс министрі Аннегрет Крамп-Карренбауэр (Annegret Kramp-Karrenbauer) аталған елде орналасқан неміс сарбаздарына қауіп төніп тұрғанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, «Талибан» ислам радикалды қозғалысы батыс әскерлері 30 сәуірден кейін де Ауғанстанда қалатын болса, жаңа шабуылдарды жоспарлап отыр. Сондықтан ол Германияның әскери басшылығымен келісе отырып, Гиндукуштағы неміс сарбаздарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтуді бұйырды.

Германия бундестагы Ауғанстандағы неміс сарбаздарының миссиясын 2022 жылғы қаңтардың соңына дейін ұзартқан. 2002 жылдың наурыз айынан бері Германия Федералдық полициясының 200 қызметкері Ауғанстанда азаматтық құқық қорғау органдарын құруға қатысып, 80 мыңнан астам жергілікті полицейлерді оқытып, біліктілігін арттырды. Қазір Ауғанстанда НАТО-ның 36 елінен 9600-ге жуық әскери қызметші, олардың ішінде бундесвердің 1100 өкілі бар.

Добавить комментарий