Ұлттық банк 2023 жылы 2 миллиард АҚШ долларын сатып алуды жоспарлап отыр

Қазақстан Ұлттық банкі биыл 2 миллиард АҚШ долларын сатып алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Ұлттық Банк 2023 жылға дейін шетел валютасын кезең-кезеңімен сатып алуды жоспарлап отыр. Валюта позициясын 30% деңгейде ұстап тұру үшін шамамен 2 млрд АҚШ долларын сатып алу қажет болады, деп хабарлады Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов.

Оның айтуынша, 2016-2019 жылдар аралығында БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі кезең-кезеңімен 17%-дан 33%-ға дейін ұлғайтылды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, зейнетақы активтерінің өсуі жағдайында, оның ішінде инвестициялық кіріс есебінен БЖЗҚ портфеліндегі валюталық активтердің үлесі төмендеп, 28,4%-ды көрсетті. Зейнетақы активтерінің одан әрі күтілетін өсімін ескере отырып, БЖЗҚ портфеліндегі валюталық үлес 2023 жылдың соңына қарай 24,3%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

«Валюта позициясын 30% деңгейде ұстап тұру үшін шамамен 2 млрд АҚШ долларын сатып алу қажет болады. Осынша мөлшердегі ақшаны сатып алу валюта нарығына айтарлықтай әсер етпейді, өйткені ол орташа тарихи мәндердің 6-7 пайызынан аспайды (KASE-дегі жылдық сауда көлемі 2022 жылдың аяғында 29,7 млрд болды). Сонымен қатар, шетел валютасын сатып алу бойынша бұл операциялар Қазақстан қор биржасының алаңында жыл бойы біркелкі қалыпта жүзеге асырылады», — деді Нұржан Тұрсынханов.

БЖЗҚ портфеліндегі шетел валютасын сатып алу зейнетақы активтері есебінен сатып алынатын инвестициялардың географиясы мен қаржы құралдарының ауқымын кеңейтуге бағытталғанын атап өткен дұрыс. Бұл инвестициялық портфельдің сапасын жақсартуға, оны әртараптандыруға, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада оның өтімділігі мен табыстылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Добавить комментарий