Қазақстандық оқушылар жазғы демалыс кезінде өз білімдерін жетілдіре алады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі хабарлады.
Үлгерімі нашар балаларға арналған жазғы мектептерді іске қосу жоспарлануда, деп хабарлады үкімет отырысында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Үлгерімі төмен оқушыларға баса назар аудара отырып, білім сапасын қалпына келтіру жөніндегі шараларды іске асыру жалғасады. Пандемия салдарынан, әрине, білім сапасы төмендеді, сондықтан біз оқушыларымыздың білімін жақсарту үшін жұмыс істейтін боламыз. Оқу нәтижесі төмен оқушылар үшін демалыс кезінде және жазғы мектептердің ұлттық бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, аталған жұмыс аясында біз жеке меншік ұйымдарға қосымша білім алуға мүмкіндік беру үшін конкурстық негізде мемлекеттік тапсырыс орналастырамыз, — деді БҒМ басшысы.
Ол елімізде 12 жылдық оқуға кезең-кезеңмен көшу қарастырылып отырғанын атап өтті. Математика, шет тілдері және информатика сияқты басым бағыттарға ерекше назар аударылатын болады. Оқулықтардың сапасын жақсарту үшін алғаш рет типтік оқу бағдарламаларын тексеру және тестілеу қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, оның айтуынша, оқулықтардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптар бекітіледі. Сарапшылардың біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады.