Былтыр желтоқсанда Ресейде ТМД елдері басшыларының бейресми саммиті өтті. Қазақстан халықаралық ұйымның мүшесі болғандықтан аталған кездесуге қатысты. Саммитте ел басшылары алдағы уақыттағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі жоспарларды талқылады. Мұндай кездесулер Ресей тарапынан фарс болып көрінеді. Халықаралық аренада агрессивті және алмағайып саясат жүргізіп, елінде халықтың құқығы мен бостандығын бұзатын заң қабылдайтын мемлекетпен қалай келісім жасауға немесе бірлескен жоспар құруға болады. Мәселен, Мәскеу Қазақстанның көпвекторлы бағытын қолдамайды және Нұр-Сұлтан сыртқы саясатында батыс елдерімен емес, Ресеймен ынтымақтастық орнатуға баса назар аудару керек деп есептейді. Қазақстан халықаралық аренада қабылдаған шешімдеріне байланысты солтүстіктегі көршісінің сынына жиі ұшырауда.
Аталған кездесу Украинамен шекарада Ресей әскерлерінің шоғырлануына және Владимир Путиннің НАТО мен ұжымдық Батысқа «ықпал аймағын» тану туралы ұсынған ультиматумына байланысты туындаған халықаралық шиеленісті жағдайдың аясында болды. Мәскеу НАТО-ның шығысқа қарай ығысуын тоқтатуды талап етті — бұл Кремльдің басты мақсаты. Егер АҚШ пен НАТО қауіпсіздік туралы келісімге қол қоятын болса, онда олар ресми түрде өз жоспарларынан бас тартады — бұл Мәскеуді қанағаттандырады. Кремль геосаяси мақсаттарына қол жеткізу үшін және посткеңестік аймақтағы елдерге ықпалын нығайту үшін әлем елдерін манипуляция жасап, қорқытып отыр.
Путиннің НАТО-ға қойған ультиматумы да Орталық Азия елдерінің егемендігіне қол сұғушылық болып отыр. Ресей мен НАТО-ның әскери альянсы арасындағы «өзара» қауіпсіздік саласында кепілдіктер туралы дайындалған келісім жобасында НАТО мүшелері шығысқа қарай ығысу жоспарларынан басқа Украина, сондай-ақ Шығыс Еуропа, Закавказье және Орталық Азия елдерінде әскери жаттығу жүргізуден бас тарту керек деген тармақ бар. Ресей батыстағы шекарасын ғана емес, Орталық Азия аймағын да «қорғамақ» . Осылайша, Мәскеу Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің егеменді және тәуелсіз мемлекеттер екенін елемеуде. Ал Қазақстан әлдеқашан АҚШ-пен әскери ынтымақтастық орнатқан..
Мәселен, желтоқсан айының басында ҚР Қорғаныс министрлігі мен АҚШ өкілдері арасында кездесу өтті, онда екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға қатысты алдағы іс-қимылдар, сондай-ақ 2022 жылға арналған Әскери әріптестік жоспарының жобасы талқыланды.
Егер АҚШ пен НАТО Ресейдің талаптарын орындайтын болса, онда болашақта Мәскеу АҚШ-тың Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен қарым-қатынас орнатуына рұқсат беріп немесе тыйым салып отыратын болады. Бұл Ресейге аймақтағы елдердің егемендік құқығын таптауға мұмкіндік береді.
Көріп отырғанымыздай, Ресей Орталық Азия елдерінің егемендігіне нұқсан келтіруді жалғастыруда және қалай да болса ықпалында ұстамақ.