Колония қызметкері жазасын өтеп жатқан әйелді зорлағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды

Алматы облысында колония қызметкері жазасын өтеп жатқан әйелді зорлаған. Ол кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алматы облысының Іле аудандық соты қызмет бабын пайдалана отырып, жазасын өтеп жатқан әйелді зорлады, сондай-ақ лауазымын пайдалана отырып әйелге психикалық қысым жасағаны үшін айыпталған «ЛА-155/4» (қазіргі 10 мекеме) мекемесі бастығының кезекші көмекшісіне қатысты үкім шығарды.

Іс материалдарына сәйкес, бұл 2021 жылдың 10 маусымында болған. Колония қызметкері Б. қызмет атқару кезінде қызметтік өкілетін және лауазымдық жағдайын пайдаланып, сотталған әйелді зорлады. Сотталушы өз кінәсін мойындамады.

«Б.-ның кінәсі жәбірленушінің айғағы, сот талқылауы барысында зерделенген дәлелдер жиынтығымен, соның ішінде сот-биологиялық және сот молекулярлық-генетикалық сараптамасының қорытындысы негізінде расталды», — делінген Іле аудандық сотының үкімінде.

Сот үкім шығарған кезде сотталушының алты баласы бары жазаны жеңілдететін жағдай ретінде қарастырған.

«Сот сотталушыны ҚК-нің 120-бабы 2-бөлігінің 5-тармағында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды, ҚК-нің 146-бабы 1-бөлігі бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырып, 3 жыл бойы белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айырды. ҚК-нің 58-бабы 3-бөлігі негізінде 3 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырып, арнаулы атағынан айырып, 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы түпкілікті айқындалды», — деп хабарлады Іле аудандық сотының баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Добавить комментарий