Киссинджер Украинаны НАТО-ға қосу керек деп санайды

АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер Украинаның НАТО-ға мүшелігін қолдайтынын мәлімдеді.

Еске сала кетейік! Бұған дейін Киссинджер Украинаның Альянсқа мүшелігіне қарсы болған еді.

«Соғысқа дейін Украинаның НАТО-ға мүшелігіне қарсы болдым, себебі біз қазір көріп отырған процесс басталады деп қорқатын едім. Енді процесс осындай деңгейге көтерілген соң, мұндай жағдайда бейтарап Украина идеясының мәні жоқ. Украинаның НАТО-ға мүшелігі дұрыс шешім болады деп есептеймін», — деп мәлімдеді 99 жастағы Киссинджер Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда сөйлеген сөзінде.

Киссинджер Украинаның НАТО-ға қосылуы бейбітшілік орнағаннан кейін орынды болады деп атап өтті.

Бұрынғы шенеунік Ресейдің дербес мемлекет ретінде жойылып кетуін болдырмау керектігін мәлімдеді.

«Өз саясатын жүзеге асыра алатын РФ-ны мемлекет ретінде жою 15 мыңнан астам ядролық қару сақталған 11 уақыт белдеуі бар орасан зор аумақта ішкі қақтығыстар мен сыртқы араласуларға жол ашады», — деді ол.

Былтыр мамыр айының соңында Киссинджер Киевке Ресеймен бейбіт келісімге келу үшін кейбір аумағын беруді ұсынды. Бірақ Украина президенті Зеленский бұл ұсынысты сынға алды.

Добавить комментарий