Пхеньянның пікірінше, НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг Сеул мен Токиоға сапары кезінде Украинаға әскери техника жеткізу қажеттігі туралы айтатын болады.
НАТО Бас хатшысы Корея Республикасы мен Жапонияға сапары барысында НАТО-ның «азиялық нұсқасын» құруды көздеп отыр.
КХДР халықаралық саясат ғылыми қоғамының қызметкері Ким Дон Мён осылай деді, деп КОАА агенттігі оның сөзін келтіреді.
«Украинаны соғыс алаңына айналдырған әскери ұйымның жоғары лауазымды бастығы өзінің әскери іс-қимыл театрына емес, алыста орналасқан Азия-Тынық мұхиты өңіріне ұшып келетіні алаңдаушылық тудырады. АҚШ жетекшілік ететін НАТО-ның басты мақсаты – вассалдық күштермен сөз байласу арқылы гегемония мен тәртіпті сақтауға альянстың азиялық нұсқасын құру», — деді Ким Дон Мён.
«Оңтүстік Корея мен Жапонияға сапармен келген НАТО Бас хатшысы АҚШ пен Батыстың Киевке танк жеткізу туралы шешімінен кейін Украина төңірегіндегі жағдайда жаңа кезең беле ала бастағанда, оларға «НАТО-ның азиялық нұсқасын» құру қажеттігін атап өтіп, «Қытайдан төніп тұрған ықтимал қауіп-қатер туралы нұсқаны» алға тартып қорқытуда. Бұл ретте ол Оңтүстік Корея мен Жапонияға Украинаға әскери көмек көрсетуде пассивті болғаны үшін қысым жасамақшы. Оңтүстік Корея мен Жапонияның әскери техникасының Украинаға жеткізілуі — уақыт еншісіндегі мәселе», — деп түйіндеді сарапшы.
Столтенберг өткен демалыс күндері Оңтүстік Кореяға барып, ел басшылығымен бірнеше екіжақты кездесулер өткізді. Осыдан кейін ол Токиоға бет алды. НАТО Бас хатшысының Жапонияға сапары 30 қаңтардан 1 ақпанға дейін жалғасады. Сапар бағдарламасында Премьер-Министр Фумио Кисидамен кездесу бар.