Келінің қорғаймын деп, ұлын өлтірді: Алматы облысындағы қайғылы оқиға орын алды

Алматы облысында туған ұлын өлтірген зейнеткер ұсталды. Егде жастағы ер адам келінін қорғамақ болғанда отбасылық қайғылы оқиға орын алды.

Оқиға 7 мамырда Алматы облысының Қаратал ауданында болды.

69 жастағы зейнеткер 42 жастағы ұлын пышақтап өлтірді. Қайғылы оқиғаға оның ұлы мен әйелі арасындағы отбасылық жанжал себеп болды.

«Ұсталған күдікті кісі өлтіргенін толық мойындады. Өз айғақтарында ол ұлына отбасылық мәселелерді талқылауға келгенін түсіндірді. Қонақта болған кезде қарт адам кездейсоқ ұлының әйелімен жанжалына куә болып, келінін қорғауға тырысқанын жеткізді. Содан кейін қаза болған азамат өзінің әкесіне жұдырық алып жүгірген, сол уақытта қолына асханалық пышақ алып соққы жасағанын айтты», — деді Қаратал аудандық полиция бастығы Рауан Әбдірайымов.

Сот сарапшылары оқиға орнынан пышақты тапты. Күдікті зейнеткер кенже ұлының үйінен табылып, ұсталып, қамауға алынды.

«Кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қылмыс құралы айғақ зат ретінде қылмыстық іс материалдарына тіркелді», — деп Алматы облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады.

Добавить комментарий