Елорданың мониторинг топтары кәсіпкерлік нысандар арасында карантин бұзушылардың жолын кесу жұмысын тәулік бойы күшейтілген режимде жалғастыруда.
Өткен тәуліктің өзінде шектеу шараларын сақтамағаны үшін қаланың 8 мекемесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 1 қаңтар мен 15 шілде аралығында елордада аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары карантин талаптарын бұзғаны үшін жалпы сомасы 159 млн теңгеге 786 жеке және заңды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Кәсіпкерлік нысандары жұмыс режимін сақтамау, әлеуметтік қашықтық, маска режимін сақтамау, келушілердің рұқсат етілген санынан асып кетуі секілді тәртіптерді жиі бұзады.
Мәселен, яғни өткен тәулікте 16 шілде күні елордада карантин шектеулерін бұзған 8 кәсіпкерлік нысан анықталды. Сарыарқа ауданында белгіленген уақыттан кейін «Pei Zdes» лаундж-бары, «Атом» компьютерлік клубы және «Угол 4/1» бары жұмыс істеді.
Алматы ауданында орналасқан «Киш Миш» кафесінде, «Какие люди» барында, «Эхо» клубында да жұмыс режимінің бұзылғаны анықталды.
Сол сияқты Есіл ауданындағы «Inforno» мейрамханасы мен «VZлетный» ресто-бары сағат 22.00-ден кейін келушілерді қабылдаған. Ал «VZлетный» ресто-бары тіпті кальян шегу қызметін көрсеткен.
Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды.
Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз болып отыр. COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастар саны өсіп келеді. Мәселен, өткен тәулікте елордада 1,5 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды. Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты қала тұрғындары мен қонақтары, кәсіпкерлік нысандары санитарлық нормаларды, шектеу шараларын қатаң сақтауы тиіс.