Астанада тәуелсіз журналистердің канадалық дипломаттармен кездесуі өтті.
«Астанадағы Канада елшілігі журналистерді 23 елдің дипломатиялық миссия басшыларына жақында тәуелсіз журналистерге қатысты болған оқиғалар туралы брифинг өткізу үшін шақырды», — деп хабарлады дипломатиялық өкілдіктің баспасөз қызметі.
Динара Егеубаева, Самал Ибраева және Вадим Борейко шақырылды. Олар бастан өткерген оқиғаларымен бөлісіп, Қазақстандағы тәуелсіз журналистикаға ықпалын түсіндірді.
«Халықаралық қоғамдастық Қазақстандағы баспасөз бостандығын қолдайтынын көрсетті», — делінген ақпаратта.
Еске сала кетейік, бұған дейін журналист Динара Егеубаеваның көлігін өртеп жіберген, белгісіз біреулер Вадим Борейконың пәтерінің есігін желімдеген. Сондай-ақ Алматыда Elmedia редакциясына алты рет шабуыл жасалып, Orda редакциясына қоқан-лоқы жасалды.