ҰҚК: Қылмыскерлер «Көктөбе» телемұнарасын басып ала алмады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмысткерлер өз талаптарын қоюды көздеп, «Көктөбе» телемұнарасын басып алмақ болғанын айтты.

«ҚР ҰҚК ШҚ Алматы облысы бойынша департаментінің жеке құрамы құқық қорғау органдарымен және әскери құрылымдармен бірлесе отырып, Алматы қаласының Әкімшілігі мен стратегиялық маңызы бар нысандарын қорғауға тікелей қатысты. Митинг кезінде қылмыскерлер «Көктөбе» теледидар мен радиохабар мұнарасын басып алуға тырысты, осылайша бандиттер ақпараттық басымдыққа ие болып, өз талаптарын қоюды көздеген еді, алайда шекарашылар шабуылға тойтарыс берді», — деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, шекарашылар «Медеу» селден қорғау бөгетінің периметрін де бақылауға алды.

ҰҚК атап өткендей, контртеррористік операцияның белсенді кезеңінде Департаменттің әскери қызметшілері ҰҚК ШҚ арнайы бөлімшесімен бірге қылмыскерлерді, сондай-ақ заңсыз жолмен шетел асып жасырынуға тырысқан адамдарды анықтау және ұстау жұмыстарын жүзеге асырды.

Шекара әскерлерінің бөлімшелері қазіргі кезде де нысандарда жауынгерлік кезекшілікті атқаруда.

7 қаңтарда президент әкімшілігі басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Дәурен Абаев Алматыда басқыншылар теледидардан тікелей эфирге шықпақ болғанын хабарлады.

Добавить комментарий