ҰҚК Нидерландымен бірлесіп халықаралық арнайы операция жүргізді

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ауғанстаннан Қазақстан аумағы арқылы Нидерландыға есірткі тасымалдаумен айналысқан халықаралық есірткі индикатының жолын кесу бойынша арнайы операция жүргізді.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті ірі халықаралық есірткі синдикатының заңсыз әрекетінің жолын кесуге бағытталған көп сатылы халықаралық операцияны әзірлеп, іске асырды. Бұл қылмыстық топ Таяу Шығыс пен Азия азаматтарынан тұрды. Есірткі контрабандасы арнасының бағдары Ауғанстаннан бастау алып, одан әрі Қазақстан аумағы арқылы жүрген, ақырғы баратын жері Нидерланд болған», — деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Осы топ әрекетінің ауқымды географиясын ескере отырып, ҰҚК Нидерланд Корольдігінің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл ұйымдастырды.

Операцияның табысты іске асырылуына Орталық Азия өңірлік есірткіге қарсы күрес жөніндегі ақпараттық-үйлестіру орталығы мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қарқынды түрде жәрдем көрсетуі ықпал етті.

«Бірлескен жедел іс-шаралар нәтижесінде халықаралық есірткі синдикатының басты қатысушылары анықталды. Нидерланд аумағында бақыланатын жеткізу барысында курьер ұсталып, одан Ауғанстанда өндірілген 30 килограмм героин тәркіленді. Бұдан әрі, Амстердам қ. құқық қорғау органдары тінту барысында ірі есірткі плантациясын анықтады», — делінген хабарламада.

Сарапшылардың деректері бойынша, жеткізілетін елде алынған есірткі құралдарының құны 2 млн. АҚШ долларын құрайды.

Анықталған фактілер бойынша Нидерланд құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Бұған дейін ҰҚК Қазақстан мен Қырғызстанның құқық қорғау органдары бірлесіп халықаралық есірткі индикатының жолын кесу бойынша арнайы операция жүргізген болатын.

Добавить комментарий