
ҚР ҰҚК бұрынғы басшысы мен оның орынбасарларына қатысты сот бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу мерзімін ұзартты
Сот ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожинге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын ұзарту туралы шешім қабылдады.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовті қамауға алу мерзімі 6 маусымға дейін ұзартылды, деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
ҰҚК-нің бұрынғы орынбасары Әнуар Садықұловтың қамауға алу мерзімі 6 маусымға дейін, Дәулет Ерғожиннің қамау мерзімі 13 маусымға дейін ұзартылды. Олар 13 қаңтарда ұсталған. Оларға қатысты билікті күштеп басып алуға және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануға бағытталған іс-әрекеттер фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтың ісі Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша тергелуде
8 қаңтарда ҰҚК ведомствоның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті ұсталғанын хабарлаған. Оған қатысты қылмыстық іске «аса құпия» белгісі берілді. Комитеттің бұрынғы басшысы мемлекетке опасыздық жасау және билікті күштеп басып алуға немесе Қазақстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге бағытталған әрекеттерден басқа, өзіне немесе басқа тұлғаларға немесе ұйымдарға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану немесе басқа тұлғаларға немесе ұйымдарға зиян келтіруге бағытталған әрекеттерге барды деген күдікке ілінді.
Кейінірек ҰҚК оның дүние-мүлкін көрсетті. Ведомство Кәрім Мәсімов жабық келісімшарт бойынша шет мемлекет өкілінен 2 млн АҚШ доллары сомасында пара алғанын мәлімдеді.