Кәмелеттік жасқа жолдама: 18 жасқа толғанға дейін балалардың есепшотында қанша ақша жиналады

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Ұлттық қордың табысының жартысын балаларға беру туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы аясында 18 жасқа толғанға дейін балалардың есепшотында қанша ақша жиналатынын айтты.

«Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады», — деп хабарлады Президенттің баспасөз хатшысы. Руслан Желдібай Мемлекет басшысы Жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады деп айтқанын еске салды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. «Бұл қаражат өскелең ұрпаққа кәмелеттік жасқа шын жолдама береді. Қор шынымен де ұлттық мәртебеге ие болып, халық игілігіне қызмет ететін болады», — деп атап өтті Президент өз сөзінде.

Добавить комментарий