ҚР Ұлттық банкі егер сіздердің қолыңызға тозып кеткен, жыртылған немесе күмәнді банкнот түссе, не істеу керектігі туралы айтты.
Бұл туралы Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналымы департаменті банкнот пен монеталарды сараптау басқармасының басшысы Асхат Әбішев айтты. Ол сондай-ақ күмәнді банкноттар мен монеталарды айырбастау бойынша статистиканы келтірді.
«Төлем құралдарына өз күшін жоймаған және Ұлттық банк белгілеген банкноттар мөлшерінің кемінде 70%-ын сақтаған түпнұсқа банкноттар жатады. Төлем құралының белгіленген көлемінің кемінде 70%-ы сақталған банкноттар мен монеталар күмәнді болып табылады. Бұл санатқа бүлінген және бұрмаланған ақша белгілері де жатады», — деп түсіндірді Асхат Әбішев.
Егер банкнот Ұлттық банк белгілеген купюра мөлшерінің 50%-дан астамын сақтаса, онда оның Ұлттық банк филиалдары түпнұсқалығы мен төлемділігін анықтау үшін сараптамаға қабылдайды. Түпнұсқа деп танылған банкноттар айналымға жарамды банкноттарға айырбастауға жатады. Айырбастау рәсімі үшін қосымша ақы алынбайды.
Ағымдағы жылдың 11 айында Ұлттық банк сараптамаға 1 мың 727 күмәнді банкнот пен монетаны қабылдады, оның ішінде 972 жарамды банкноттарға айырбасталды. Өткен жылдың 11 айында сараптамаға 3 мың 971 қабылданды, ал 3 мың 188 банкнот пен монета жарамды банкнотқа айырбасталған.
«Ұлттық банктің барлық филиалы ҚР аумағында айналымдағы және заңды төлем құралы болып саналатын ұлттық валютаның төлем банкноты мен монетасын нақты құны бойынша қабылдайды», — деп қорытындылады Асхат Әбішев.