Эквадор: Президенттікке үміткер өлтірілді

Эквадорда қаскүнемдер ел президенттігіне үміткер Фернандо Вильявисенсионы атып өлтірді.

Оқиға Эквадор астанасы Китода сайлау алдындағы митинг кезінде орын алды.

Эквадордың El Universo газеті куәгерлерге айтқан сөзін келтіріп хабарлағандай, оқтың дыбысы естілген, содан кейін Вильявисенсио жерге құлады.

Президенттікке үміткердің қаза тапқанын оның досы, сайлау науқанының кеңесшісі доктор Карлос Фигероа растады. Ол Вильявисенсионың басына үш оқ тигенін айтты.

«Оны қарап тексерген кезде жан тапсырғаны белгілі болды. Ол клиникаға жеткізілген, содан кейін оның қайтыс болғаны расталды», — деді Фигероа.

Эквадор Бас прокуратурасының хабарлауынша, шабуыл салдарынан тоғыз адам, соның ішінде депутаттыққа үміткер және екі полиция қызметкері жарақат алған.

Полиция мен прокуратура оқиға орнында және зардап шеккендер жеткізілген медициналық орталықта айғақтар жинап жатыр. Полиция қызметкерлері күдіктілерді іздеу операциясын бастады.

Басылым ықтимал кісі өлтіруші оқиға орнында қауіпсіздік қызметінің қызметкерлерімен болған атыстан кейін ауыр жарақат алғанын жазады.

«Ұсталғаннан кейін ол алдымен Кито сотына жеткізілді, ал сол жерден медициналық орталыққа жіберілді, онда жедел жәрдем көлігі оның қайтыс болғанын растады», — деп хабарлады газет.

Добавить комментарий