Эквадор президенттігіне үміткерге шетелдіктер қастандық жасады

Эквадор Республикасы Ішкі істер министрлігі президенттікке үміткер Фернандо Вильявисенсионы өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың барлығы шетелдік болып шықты деп хабарлады.

«Полиция тергеу шараларын жүргізуге жұмылдырылды, нәтижесінде Конокото секторында және қаланың оңтүстігінде бірнеше мекенжай анықталып, тінту жұмыстары жүргізілді. Алты адам ұсталды, олардың барлығында шетелдік азаматтығы бар», — делінген хабарламада.

ІІМ мәлімдемесінде ұсталғандардың азаматтығы нақтыланбаған. El Tiempo газетінің жазуынша, күдіктілердің барлығы Колумбия азаматтары. Басылымның мәліметі бойынша, олардың кем дегенде біреуі кісі өлтіргені және есірткі саудасы үшін сотты болған.

Вильявисенсио 9 тамыз күні кешкісін Кито қаласында сайлауалды митингтен кейін өлтірілді. Тағы тоғыз адам жарақат алды. Прокуратура хабарлағандай, күдіктілердің бірі атыс кезінде қаза тапқан. Республикада төтенше жағдай режимі енгізілді.

20 тамызда Эквадорда мерзімінен бұрын президенттік және парламенттік сайлау өтеді. Қазіргі президент Гильермо Лассо биыл мамыр айында парламентті тарату мақсатында сайлау тағайындады. Мемлекет басшысының айтуынша, заң шығарушылар үкіметке реформа жүргізуге кедергі келтіретіндіктен осындай қадамға барған. Лассоның өкілеттік мерзімі 2025 жылы аяқталады, ол алдағы сайлауға қатыспайтынын жариялады.

Добавить комментарий