Израиль әскерилері әскери базалардың орналасқан жері туралы ақпаратты кездейсоқ жария етті

Израиль әскери қызметшілері құпия әскери нысандардың орналасқан жері туралы ақпаратты абайсызда жария етті.

Жергілікті басылымның мәліметінше, бұл жайт Израиль тыл қорғаныс бөлімдері қолбасшылығының коронавирусқа тест тапсыру орталықтары картасын жариялауынан орын алған. Құжатта Израиль әскери-әуе күштеріне және әскери барлау қызметіне тиесілі нысандар шекарасының нақты периметрі мен атауларын қоса алғанда, әскери және барлау қызметінің базалары туралы толық ақпарат болды.

Карта денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жасалғаны және Израиль азаматтары үшін қолжетімді болғаны хабарланды. Кейінірек Израиль әскерилері картаның құпия ақпараты жоқ нұсқасымен алмастырылғанын айтып, оны өшіріп тастады. Айта кетерлігі, бұл базалардың орналасқан жері зымыран шабуылы қаупіне байланысты жария етілмейді.

Бұған дейін Сирияның ресми БАҚ-ы Израиль тарапынан зымыран шабуылы жасалғанын хабарлаған болатын.

Добавить комментарий