Италия Премьер-Министрі Украинаны қалпына келтірудің жаңа жоспарын дайындауды ұсынды

Италия премьер-министрі Марио Драги Украина аумағында атысты тоқтатып, елді қалпына келтіру үшін жаңа жоспар дайындау қажеттігін мәлімдеді.

Ол Украинаны қалпына келтіру үшін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропа мен АҚШ-ты жақындата түскен «Маршалл жоспарына» ұқсас жоспар қажет деп санайды.

Бұл туралы ол Вашингтондағы Атлант кеңесінде өткен марапаттау рәсімінде мәлімдеді, деп хабарлады бейсенбі күні Италия үкіметі басшысының баспасөз қызметі.

«Біз ұзақ уақыт бойы Украинаға көмектесуге дайынбыз. Қираған қалаларға, зауыттарға, бүлінген егіс алқаптарына орасан зор қаражат жұмсауды талап етеді. Украинаға бір кездері Еуропа мен АҚШ-ты жақындата түскен Маршалл жоспары сияқты жоспар керек. Бізге елдің демократиялық институттарын сақтау мен нығайтуға кепілдік беру қажет», — деді Драги.

«Ресейдің Украинаға баса-көктеп кіруі ЕО мен АҚШ-тың қарым-қатынасын нығайтып, Мәскеуді шеттетіп, Қытайды ойландырып қойды. Бұл сын-қатерлер ұзақ уақыт бойы сақталады. Біз Украинаны қолдауды жалғастырып, Ресейге қарсы соңғы санкциялар пакетін қабылдауымыз керек, сонымен қатар біз атысты тоқтатуға да қол жеткізуіміз керек», — деді Италия премьері.

Бұған дейін ол Украинаға көмек ұжымдық түрде көрсетілу керегін айтып, «Италия секілді елдің бюджетінде осы мақсатқа қаражат жоқ» екенін атап өтті.

 

Добавить комментарий