Интернет алаяқтар ұсталды: арнайы операция 3 қалада жүргізілді

Қазақстанның үш қаласында интернет-алаяқтарды ұстау бойынша арнайы операция жүргізілді.

Арнайы іс-шара ағымдағы жылдың сәуір айында басталды. Тұрғындарға телефон арқылы хабарласып, “жақының есірткі затымен ұсталды, оны жазадан босату үшін айтқан есепшотқа дереу ақша аудар” деп үрейлендіріп, алаяқтық жолмен табысқа кеңеліп келген қылмыскерлер іздестірілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Облыс аумағында осы сипатта 32 қылмыстық іс тіркеліп, жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 24 миллион теңгеге жуықтады.

«Әккі алаяқтардың қылмыстық іс-әрекеттерін әшкерелеу мақсатында Полиция департаментінің білікті қызметкерлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу амалдары басталды. Тергеу нәтижесі жинақталған айғақтармен алаяқтық тәсілдердің дәлме-дәл ұқсастығын және бұл қылмыстардың барлығы белгілі бір қылмыстық топпен жасалғандығын көрсетті. Жедел-тергеу тобы алаяқтардың іс-әрекеттерін дәлелдейтін айғақтардың жеткілікті деңгейде жиналғандығын назарға ала отырып, 15 шілде күні бір мезетте еліміздің үш облысында, яғни Алматы, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында арнайы іс-шара өткізді», — деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Іс-шара барысында әр облыста бір-бірімен сыбайласу арқылы алаяқтықпен айналысып келген 8 адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды. Алаяқтардың мекен-жайын тінту барысында қылмыс құралы ретінде қолданылған 17 ұялы телефон, бейтаныс тұлғалардың атына жасырын тіркелген 15 абоненттік нөмірлер, 60 азаматтың ЖСН, аты-жөні жазылған тізім, ақша айналымдарын тіркеген блокнот анықталып, айғақ зат ретінде тәркіленді.

Осылайша жұртшылықтың маңдай терімен тиындап жинаған қаражатын арбап алып, бас пайдасына жаратуға дәніккен әккі интернет алаяқтықтардың жолы кесілді. Қазіргі уақытта бұл қылмыстық топтың өзге де өңірлерде орын алған алаяқтық қылмыстарына қатыстылығы тексерілуде.

Добавить комментарий