Instagram-дағы танымал заңгер алаяқ болып шықты

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұз қаласының 35 жастағы тұрғыны “Instagram” әлеуметтік желісіне заңгер ретінде тіркеліп, өзінің “заң қызметтерін” ұсынған. Бірақ оның заңгерлік немесе соған ұқсас саланы қамтыған ешқандай білімі де болмаған. Ол қала тұрғындарына өзін жалған есіммен таныстырып, интернеттен алынған үлгілерді қолдана отырып, қарсылық жазу арқылы атқарушы жазбаларды жоюға “көмектескен”.

Өз қызметтері үшін 5 мың теңгеден бастап 25 мың теңгеге дейінгі көлемдегі бағаны ұсынған. Аз уақыт ішінде танымалдыққа жетіп, клиенттердің толассыз келе бастауына байланысты “заңгер” күрделі азаматтық даулармен айналысуды шешкен, ол үшін ақпаратты ғаламтор кеңістігінде өтетін заң форумдарынан ала бастаған.

Жалған заңгер алдын-ала төлем алып, бірақ сот істерін шешу қолынан келмей жатқан соң, өзі жасанды мәселелерді ойлап тапқан. Оларды шешу үшін АЕК мөлшерінде қосымша төлемдерді сұраған. АЕК мөлшерін де ол нақты есептемей, ойына келгенін айта салатын болған. Өзінің банктік картасы болмағандықтан, таныстары мен туыстарының мәліметтерін көрсеткен. Жәбірленушілер – 10 адам, олар ақшаларын көрсетілген деректемелерге аударып отырған.

  • Полиция қызметкерлері аталмыш азаматты Алматы қаласында анықтап, ұстағандарын атап өтті. Полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, ал жалған заңгер УҰИ-на қамалды. Сондай-ақ, полиция ер адамның осыған ұқсас фактілерге қатысы бар-жоғын тексеруде, — деді Екібастұз полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қайыржан Шақарғалиев.

Айта кету керек, Екібастұзда алаяқтықтың 197 фактісі тіркелген, оның 149-ы интернет, әлеуметтік желілер және сайттар арқылы жасалған. Оның ішінде 69 жағдайда ақша ұрланған және шетелдік шоттарға аударылған.

Добавить комментарий