ІІМ басшысының айтуынша, мектептер күзет ұйымдарымен келісімшарт жасасуға асықпауда

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мектеп директорларының мойнына жүктелді. Оған тексерулер қосылды, алайда көмек көрсетілмеуде.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қазақстандық мектептердегі қауіпсіздікті ұйымдастыру жұмыстарын тексеру басталғанын айтты.

Ол тексеру кезінде мектептердің жартысына жуығында заң бұзушылықтар анықталғанын атап өтті.

«Мектептер 100 пайыз бейнебақылау жүйесімен жабдықталғанына қарамастан, олардың жартысына жуығы белгіленген стандартқа сай келмейді. Мектептердің үштен бірі ғана шұғыл хабарлау жүйелерімен, бар болғаны 8%-ы «дабыл түймелерімен», 5% — кіруді бақылау және басқару жүйелерімен, 4% — турникеттермен, 1% — металл іздегіштермен жабдықталған. Мектептердің тек 6%-ы ғана күзет ұйымдарымен келісім жасасқан», — деп хабарлады ІІМ басшысы.

Министр Білім министрлігімен бірлесіп, білім беру ұйымдарына алып өтуге тыйым салынатын заттардың тізбесі әзірленгенін еске салды. Бұл қару, пышақ, кастет, жүздер, жарылғыш құрылғылардың имитаторлары, аэрозоль бояулары, пиротехникалық құралдар мен газ баллондары. Ереже 13 маусымнан бастап күшіне енеді.

Сонымен қатар, мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жеке күзет ұйымдарына қойылатын қосымша біліктілік талаптары енгізілуде. Министр жекеменшік күзет ұйымдарының жұмысына кім төлейтінін және оған бюджеттен қанша сома бөлінетінін  айтқан жоқ.

«Қазіргі уақытта Білім министрлігімен бірлесіп білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етуге, ал ТЖ министрлігімен — өрт, жер сілкінісі, су тасқыны, террорлық шабуылдар, басып алу жағдайында техногендік, табиғи сипаттағы ТЖ туындаған кездегі іс-қимылдарға оқушылар мен персоналдың арнайы дайындығын ұйымдастыруға бағытталған бірқатар қосымша шараларды пысықтауда», — деп қорытындыладыТұрғымбаев.

11 мамыр күні Қазанда мектепке жасалған шабуылдан 9 адам қаза тауып, 18 адам жарақат алды. Оқушының қару асынып кіріп, сыныптастарын жаралағаны хабарланды.

Осы оқиғадан кейін қазақстандық депутаттар білім беру нысандарын қорғауды күшейтуді сұрады. ІІМ мектептердегі қауіпсіздік жекемеиеншік күзет ұйымдарының бақылауында болатынын мәлімдеді.

Добавить комментарий