ИИДМ Украинаға қазақстандық қару жеткізілгені туралы ақпаратты жоққа шығарды

Қазақстан билігі Ұлыбритания арқылы Украинаға қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Қазақстан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Украина аумағындағы ұрыс қимылдарына пайдалану үшін ҚР-ның Ұлыбританияға қару экспорттайтыны туралы жалған ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы StopFake.kz порталы хабарлайды.

Қазнетте Ұлыбритания Украинаға жеткізу үшін Қазақстаннан қару сатып алуда деген ақпарат тарады. Мәміле «Техноэкспорт» компаниясының делдалдығымен жүзеге асырылады, ал шілде айында 46 миллион долларлық келісім жасалған екен. ИИДМ бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Экспорттық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қару-жарақ, оқ-дәрі мен әскери техниканың экспорты мен импорты Министрлік беретін лицензиялар негізінде жүзеге асырылады. 2021 жылы және 2022 жылдың өткен кезеңінде «Техноэкспорт» компаниясы қару-жарақ, оқ-дәрі және әскери техника экспорттауға лицензия алу үшін Министрлікке жүгінбеген. Сонымен қатар аталған кезеңде Министрлік қару-жарақ, оқ-дәрі мен әскери техника, атап айтқанда, 122 мм снарядтар (Д-20 гаубицалары үшін), 152 мм снарядтар (Д-30 гаубицалары үшін), БМ-21 «Град», БТР-4 (БТР-82А немесе жеңілдетілген модификациялар) және 120 мм миномет пен «Конкурс» ТҚЗК үшін оқ-дәріні Ұлыбританияға экспорттауға лицензия берілмеген», — деп мәлімдеді ИИДМ.

Ведомствода еске сала кеткендей, қару-жарақ пен оқ-дәрі экспорты импорттаушы елдің Қазақстан Республикасының Экспорттық бақылау саласындағы уәкілетті органының рұқсатынсыз осы қару-жарақ пен оқ-дәріні қайта экспорттамайтындығы туралы міндетті норма көзделген кепілдік міндеттемесі болған кезде ғана жүзеге асырылады. Жоғарыда аталған қару-жарақ пен оқ-дәріні реэкспорттауға Министрлік рұқсат берген жоқ.

 

Добавить комментарий