Қазақстан мен Қытай дипломаттары қос ел арасындағы визалық режимді жеңілдету мәселесі бойынша жұмыс жүргізуде.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
«Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ма Чжаосюмен кездесті. Қазақстан елшісі сауда-экономикалық байланыстарды арттыру, Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінде өзара іс-қимылды және тығыз кооперацияны нығайту, жолаушылар әуерейстерінің санын «пандемияға дейінгі» деңгейге дейін қалпына келтіру және қазақстандықтар үшін ҚХР визалық режимін жеңілдету мәселелеріне ерекше назар аударды», — делінген хабарламада.
Кездесу барысында тараптар түрлі салалардағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының толық ауқымды барлық өзекті мәселелерін талқылады, сондай-ақ оны одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасты.
«Сұхбат барысында биылғы жылы жоспарланған жоғары және жоғары деңгейдегі екіжақты сапарлар мен іс-шаралар кестесіне, сондай-ақ көпжақты құрылымдар аясындағы екі елдің өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды. Ш.Нұрышев Қытай тарапына Қазақстан-Қытай қатынастарына қосымша «серпін» беру және ҚР мен ҚХР мемлекеттік органдарының қарауындағы екіжақты құжаттардың жобаларын келісуді жандандыруды ұсынды», — делінген ақпаратта.
Ма Чжаосюй көтерілген мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, Қытай тарапының аталған мәселелер бойынша белсенді өзара іс-қимылға дайын екенін білдірді. Ол сондай-ақ Қытайдың сыртқы саяси ведомствосы ағымдағы жылы жоспарланған іс-шараларды ойдағыдай ұйымдастыру мақсатында ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігімен тығыз кооперацияға дайын екенін хабарлады.