Халық аз қоныстанған қалалар ауылға айналады

Халық саны аз қалалардың тұрғындары ауыл тұрғындарына айналады. Сенатта атап өткендей, олар осылайша ауыл тұрғындары үшін қарастырылған мемлекеттік қолдауды ала алады.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңға түзетулердің тиісті жобасы қабылданды.

Сенатор Нұрлан Бекназаров қолданыстағы заңнамада аудандық маңызы бар қала мәртебесін ауыл санатына өзгерту бойынша норма қарастырылмағанын хабарлады. Бұл ретте халық саны бойынша аудандық маңызы бар 48 қаланың 13-і қала мәртебесіне сәйкес келмейді.

Мәртебесі өзгерген жағдайда азаматтар заңнамада ауыл тұрғындары үшін қарастырылған мемлекеттік әлеуметтік қолдауды алады. Әкімдіктердің шешімі бойынша денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру салалары қызметкерлерінің жалақысына кемінде 25% үстемеақы қосылады. Бұдан басқа, тұрғындар коммуналдық төлемдерге, қызметтік тұрғын үйлерге, «Дипломмен ауылға», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары бойынша кәсіптік білім алуға, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға қатысты бірқатар жеңілдіктерді пайдалана алады.

«Сенат қабырғасында бұл мәселе түрлі іс-шаралардың, депутаттық сауалдардың өзекті тақырыбы ретінде талқыланды. Сондықтан қаралып отырған мәселе ауылдық жерлердің экономикасы мен ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартуға септігін тигізетініне сенімдімін», — деді Нұрлан Бекназаров.

Сенаторлар «Дипломмен — ауылға» бағдарламасына шағын қалаларға көшетін мамандарды енгізуді ұсынды

Жалпы, заң жобасында мынандай түзетулер енгізіледі:

қаладағы аудандарды елді мекендердің құрамдас бөліктеріне енгізу;

облыстық маңызы бар қалада, республикалық маңызы бар қалада, астанада 400 мыңнан астам тұрғыны бар елді-мекенді аудан ретінде құру;

аудандық маңызы бар қала, кент және ауыл критерийлерін нақтылау (халықты жұмыспен қамту критерийлерінің ескіруіне және уақыт талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты «аудандық маңызы бар қала», «кент» және «ауыл» ұғымдарынан қосымша критерийлерді алып тастау);

Үкіметтің ұсынысы бойынша және жергілікті өкілді және атқарушы органдардың пікірлерін ескере отырып, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елді мекен ретінде қайта құру жөнінде шешім қабылдауға Президентке өкілеттік беру;

үкіметке Қазақстан Республикасының Президентіне республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елді мекендер етіп қайта құру туралы ұсыныс енгізу жөнінде жаңа құзырет беру;

облыстық өкілді және атқарушы органдарға Үкіметке облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды басқаша құру туралы ұсыныс енгізуге жаңа өкілеттік беру;

аудандық маңызы бар қаланы ауыл санатына жатқызу туралы аудандық өкілдікке және атқарушы органдарға ұсыныстар енгізу құқығын аудандық маңызы бар қала әкіміне жүктеу.

Заң жобасын талқылау кезінде сенат депутаты Сергей Ершов «ауыл» ұғымын тарихи, мәдени шығу тегін ескере отырып, қолдану тіліне қарамастан заңнамада бекітуді ұсынды.

«Село» термині заңда «ауыл» деп аударылады, бірақ бұл ұғымдардың этимологиясы әртүрлі. Село қоныс, тұрғын үй-жайлар немесе ауыл ұғымымен байланыстырылады, оның ерекшелігі революцияға дейін Ресейдегі шіркеуі бар аймақтар болып есептелді. «Ауыл» ұғымы алғашқы көшпелі түркі тектес, кейінірек көшпелі халықтар арасында қалыптасқан және жылжымалы қонысты білдіреді. «Ауыл» біздің санамыздахалықтың руханияты мен дамуының бесігі ретінде орнықты», — деп атап өтті сенатор.

Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов бұл мәселе ономастика саласындағы сарапшылармен қосымша пысықтауды талап ететінін атап өтті.

Добавить комментарий